2025 жылғы 21 ақпанда мектебімізге KazChess/Қазақстан шахмат федерациясы және Біріккен Араб Әмірліктерінің Шахмат федерациясынан қонақтар келді. Осы сапар аясында БАӘ Шахмат федерациясының бас хатшысы Абдул Карим Хасан әл-Марзуки шахмат пәні енгізілген №8 мектеп-лицейімізбен танысты. Білім мекенінде шахмат пәні 2023-2024 жылдары тек бір сыныпқа енгізілген болатын. Мұғалімдер де шахматтың балаларға оң әсерін тигізетініне көзі жеткен соң, биылғы оқу жылында барлық бірінші сыныптардың оқу бағдарламасына шахмат үйренуде.
Қадірлі қонақ елдегі білім беру жүйесі жайлы ақпарат алып қоймай, асық ату, зерек ойын, тоғызқұмалақ сынды ұлттық ойындармен танысты. Мектеп қабырғасында бас хатшы бастауыш сынып оқушылармен шахмат ойнап, қазақстандық оқушылардың талантына тәнті болғанын жасырмады. Оның сөзінше, қос елдің федерациясы арасындағы келісім аясында қазақстандық оқушылар БАӘ тәжірибесін меңгере алады.