«№8 мектеп-лицейі» ШЖҚ МКК-ның 60 жылдық мерейтойына мектеп жайлы ақпарат
Мектептің негізі 1950 жылдардан бастау алады. Қазіргі Иманов көшесінде шағын ғимаратта жұмыс жасап жатқан мектепке 1962 жылғы 2 қарашадағы №636 бұйрықпен 192 кварталдағы мектепті қабылдау туралы шешім қабылданып, мектеп ғимараты қазіргі Асан қайғы көшесінен берілген. Мектеп таза қазақ мектебі болған. Алғашқы директоры Сүйіндіков Отызбай Сүйіндікұлы болған. Уақыт өте келе орыс сыныптары көбейіп, қазақ сыныптарын 4-мектепке ауыстырған екен.
Заманның талабына сай мектеп таза орыс мектебіне айналды. 1996 жылдары 17 мектепті 8-мектептің ғимаратына қосып, бірнеше жыл бір ғимаратта екі мектеп бірлікте жұмыс жасаған. 17-мектептің директоры Анатолий Павлович Проскуряков 500 жуық оқушылары мен ұжымын бірлікте ұстап, 8-мектеппен тату, табысты жұмыс жасаған.
1985-1996 жылдары Абай атындағы №8 орта мектеп атанып, мектепті Тамара Андреевна Никитина басқарған. Осы директордың тұсында, 1988 жылы ата-аналардың ұсынысы мен талабы негізінде алғаш қазақ сыныбы ашылып, 12 оқушы қабылданған. Сол кезде алғаш қазақ сыныптары қала бойынша 3-мектепте, 6-мектепте және осы 8-мектепте ғана ашылған.
Сол кездерден бері аралас мектеп болып жұмыс жасап, 2000 жылы акиматтың шешімі бойынша орыс сыныптарын 16-мектепке ауыстырған. Олардың қазақ сыныптарын 8-мектепке ауыстырған. Осылайша 2000-2001 оқу жылынан бастап №8 қазақ орта мектебі аталып, таза қазақ мектебіне айналды.
1988 жылдары оқушы саны тұрақты түрде 1400-1480 шамасында болып, 2002-2003 жылдары Айша Самалбекқызының директор болған кезінде оқушы саны 1690-ге күрт көтерілген, сыныптар саны 60 сыныпқа дейін жеткен. Бұл уақыттарды мектепте 97 мұғалім болған екен.
1962 жылы іргетасы қаланған қара шаңырақ бүгінгі таңда жаңа ғимаратта лицей дәрежесінде жұмыс жасауда. 2020 жылы қолданысқа берілген бұл ғимаратта бүгінгі таңда 1700 оқушы білім алып, 117 педагог жұмыс жасайды.
Астана қаласы әкімдігіне қарасты №8 мектеп-лицейінің алға қойған миссиясы: «Ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, өзгерістерге бейім, сауатты, ІТ – құзіретті, адал ұрпақ тәрбиелеу» болғандықтан мектеп ұжымы осы мақсатқа жету жолында жұмыс жасауда.
Бүгінгі күнде мектеп 2020 жылғы «03» қыркүйегінде №1598/о бұйрығымен бекітілген жарғы негізінде жұмыс жасауда. Мектептің бағыты ақпараттық-технологиялық, жаратылыстану-математикалық болып келеді. Мектеп-лицейде 1700-ге жуық оқушы білім алуда, ғимараттың жобалық қуаттылығы 900 оқушыға арналған. Мектепте 36 кабинетте 36 интерактивті тақта, 11 интербелсенді экран орнатылған. Ғимарат Байқоңыр ауданында, С.Сейфуллин көшесі, 50 үйде орналасқан.
Мектеп-лицейдің миссиясында көзделген «Ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, өзгерістерге бейім, сауатты, ІТ – құзіретті, адал ұрпақ тәрбиелеу» міндеттерін жүзеге асыру үшін мектепте IT компаниясы құрылып, қаламыздағы ІТ бағытта білім беретін жоғары оқу орындарымен, Техникалық орталықтармен бірлескен жұмыстар іске асырылуда.
Бұл компанияның негізгі бағыттары:
- Компьютерлік графика;
- Видео-технология;
- Мобильді қосымшалар дайындау;
- робототехника, электроника және мехатроника бағыты қамтамасыз етіледі.
Орта, жоғары буын оқушылары Python, Java, HTML бағдарламаларын Kodoqu платформасы арқылы оқып үйренуде.
Оқушыларды үйірмелермен қамтуда «STEАM зертханасы», «Шахмат ойыны», «Асық ату», «Тоғызқұмалақ», «Домбыра», «Баян сұлу » би ансамблі, «Робототехника», «ІТ компания», «Ұлдар, қыздар шеберханасы» кабинеттері жұмыс жасауда.
2020 жылдың қыркүйек айынан бастап жас мамандардың жетекшілігімен әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып, нәтижесін беруде. Оқушыларымыз жобалар жарысынан қалалық, республикалық сайыстардың жеңімпаздары атануда.
2021 жылдың қараша айынан бастап «Құндылыққа негізделген білім беру» жобасы іске қосылып, жоба жалғасын табуда.
Мектепте заман талабына сай жабдықталған физика, химия, биология, география пәндерінің біріктірілген зертханалық кабинеті бар.